Жаңалықтар

ОБЛЫС ӘКІМІ БІЛІМ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ БІЛІМ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Жәйрем кентіне жасаған жұмыс сапары барысында аймақ басшысы білім беру нысандарының жағдайымен танысты. Өңірде мектептерді жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда бағдарламаға облыс бойынша 18 мектеп енген. 2025 жылдан бері соның жетеуінде күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жоба аясында білім беру мекемелері толық жаңартылып қана қоймай, олардың материалдық-техникалық базасы да нығайтылады. Өңір басшысы алдымен кенттегі №10 жалпы білім беретін мектепке барды. Аталған нысан толық жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілген. Облыс әкімі білім ошағын аралап, атқарылған жұмыстардың сапасын тексерді. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктелді.

Сапар барысында №30 мектеп те назардан тыс қалмады. Бұл білім ордасында жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр және биыл толық аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімі Дастан Рыспеков кенттегі спорт клубына да барды. Қазіргі таңда мұнда 600-ге жуық бала 10 спорт түрі бойынша жаттығады.

Спорт мектебін аралаған өңір басшысы заманауи спорт мектебіне қажеттілік бар екенін айтып, биыл демеушілер есебінен жаңа спорт нысанын салу жұмыстары басталатынын айтты.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты