ОБЛЫС ӘКІМІ ЕСЕТ БАЙКЕН ҚАРАЖАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Аймақ басшысы Есет Байкен Қаражал қаласының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы жоспарларын талқылады. Жиында өндіріс пен инвестиция, жол және инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың жағдайы мен тұрғындардың ұсыныс-тілектері сөз болды.
Алдымен қала әкімі Айқын Қылышев биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстар мен негізгі даму көрсеткіштерін баяндады. Оның мәліметінше, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 198 миллиард теңгеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 66 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ жалпы құны 212,5 миллиард теңге болатын алты инвестициялық жобаны іске асырып, 925 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Қала тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі - жолдардың жағдайы. Қаражалға Атасу бағытынан кіреберіс жолдың 7,2 шақырымы мен Жәйрем көшелерінің 5,9 шақырымына асфальт төселген. Ал ұзындығы 61 шақырым болатын Атасу–Қаражал автожолын жөндеу жұмыстарының 41 шақырымы аяқталды. Қалған 20 шақырымын 2027 жылы жөндеу жоспарланып отыр. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жоспарлар бар. Жәйремдегі аурухананы жаңғыртып, қосымша үш қабатты ғимарат салу, оттегі станциясын орнату және екі жедел жәрдем көлігін беру көзделген. Бұған қоса, 2027–2028 жылдары 150 орындық балабақша салу жоспарланған. Кентті газдандыру жұмыстарының орындалу деңгейі 90 пайызға жуықтаған.
Жалпы, Қаражалда өндірістік әлеуетті арттыру, жолдарды жөндеу, инженерлік желілерді дамыту және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Алдағы кезеңде осы жобаларды жалғастырумен қатар, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға басымдық берілмек.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Соның бірі – зейнет жасындағы азаматтарға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу мәселесі.
«1698 / Мынау белсенді өмір сүру орталығы көпфункционалды. Ол тек қана барып алып дене шынықтырумен айналыспай, кәдімгідей өзі бір ұйым болу керек. Оның ішінде басшысы болу керек, ақылдасатын кеңес болу керек. Бір шешімдерді сол жерде саралап, талқылап, одан кейін мына қала басшылығына, аудан басшылығына ұсынып отыру керек. Сонымен қатар жалпы әртүрлі шаралар ұйымдастыру, жалпы мына зейнет жасындағы азаматтарға тұрғындарымызға қолайлы жағдай жасау. Ол бойынша менің ақпаратыма сәйкес осы Қаражал қаласында бірінші болып ашылу жоспарда бар облысымызда»
— Есет Байкен, Ұлытау облысының әкімі
Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тиісті басқарма басшылары да азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Бұдан соң Есет Байкен қаладағы қайта жаңғыртудан өткен тұрғын үйді аралап, нысанның жағдайымен танысты.
«Бұл үйде қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2026 жылы нысанды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырдық. Үйде 36 пәтер бар: оның 6-уы - бір бөлмелі, 27-сі -екі бөлмелі, 3-еуі - үш бөлмелі. Нысан пайдаланушы ұйымға, яғни тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне берілді. Қазір бөлім оны «Отбасы банкке» тапсырып жатыр»
— Светлана Агапова, Қаражал қаласы құрылыс бөлімінің әдіскер-инспекторы
Тұрғындар көтерген мәселелер мен ұсыныстар кездесудің күн тәртібінде қаралды. Қаладағы өзекті сұрақтарды шешу және жоспарланған жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


