Жаңалықтар

ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАҢААРҚА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАҢААРҚА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Дастан Рыспеков жұмыс сапарымен Жаңаарқа ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы сараланған жиында алдағы жоспарлар таныстырылып, халық көкейіндегі өзекті мәселелер ашық талқыланды.

Кездесу облыс әкімінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттерге арналған баяндамасынан басталды. Дастан Рыспеков 2026 жылы жүзеге асырылатын негізгі жобаларды таныстырып, өңір экономикасындағы оң өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, келесі жылға арналған облыс бюджеті 176,4 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайған. Ал өңірдің меншікті кірісі 97,8 миллиард теңгеге жетсе, оның 46 миллиард теңгесі салық түсімдерінің үлесіне тиесілі.

Өңірде инвестициялық белсенділік те артып келеді. Жыл басынан бері Ұлытау облысына негізгі капиталға 125,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның 23 миллиард теңгесі Жаңаарқа ауданына тиесілі. Соның нәтижесінде ауданның облыстағы инвестиция көлеміндегі үлесі 18,4 пайызға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есеге өскен.

Кездесу барысында облыс әкімі шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту және инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысына да кеңінен тоқталды. Ресми баяндамадан кейін жиын ашық диалог форматында жалғасты. Тұрғындар ауызсумен қамтамасыз ету, газ баллондары бағасының қымбаттауы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін субсидиялар, көше жарығын орнату және медициналық қызметтің қолжетімділігіне қатысты өз сауалдарын қойды. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысына жауап беріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесу соңында Дастан Рыспеков мемлекеттік органдардың басшыларымен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты