ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҰЛЫТАУ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ

Облыс әкімі Дастан Рыспеков Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен барып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардағы құрылыс қарқынын тексерді. Өңір басшысы бірқатар жобаның жүзеге асырылу барысын бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жұмыс сапары Жезді кентінен басталды. Мұнда облыс әкімі тұрғындардың ұсынысымен салынып жатқан кіреберіс арканың құрылысымен танысты. Өңір басшысы нысанның сәулеттік келбеті заман талабына сай, сапалы әрі көрнекі болуы қажет екенін айтып, мердігерге құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Бұдан кейін Дастан Рыспеков Қарсақбай кентіндегі қоныс аударушы мамандарға арналған тұрғын үй құрылысының барысын көрді. Сонымен қатар аудан әкімдігіне бос тұрған тұрғын үйлерді қалпына келтірудің тиімді тетіктерін қарастырып, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сапар барысында облыс әкімі Қарсақбай кентінде жаңадан орнатылған су тазарту сүзгісінің жұмысымен де танысты. Оның айтуынша, бұл жоба тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама.
Өңір басшысы кейін Қарсақбай - Байқоңыр облыстық маңызы бар автомобиль жолының құрылысын тексерді. Аймақ басшысы бұл жол Бұланты шайқасының 300 жылдығы қарсаңында қолға алынған стратегиялық жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жол өңірдің оңтүстік және батыс бағыттарымен көлік қатынасын жақсартып, транзиттік әлеуетті арттырады. Осыған байланысты құрылыс жұмыстарын биыл толық аяқтап, пайдалануға беру міндеті қойылды. Сондай-ақ жұмыс сапасы ерекше бақылауда болатыны және жобаны қаржыландыруда ешқандай мәселе жоқ екені айтылды.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Бұланты шайқасы тарихи-мемориалдық кешеніне де барды. Нысанның қазіргі жай-күйімен танысқан өңір басшысы кешен аумағын абаттандыру жұмыстарын жедел бастау үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар аумақты сумен қамту мақсатында ұңғыма қазу және жобаны қаржыландырудың нақты тетіктерін айқындау қажеттігін айтты.
Одан кейін Дастан Рыспеков Байқоңыр ауылындағы мамандарға арналған тұрғын үй мен жабық футбол манежінің құрылысын бақылады. Облыс әкімі барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Қарсақбай кентіне оңтүстік өңірлерден қоныс аударған отбасының шаңырағына барып, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Дастан Рыспеков жаңа ортаға бейімделіп, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген тұрғындарға алғыс білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


