Жаңалықтар

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

Облыс әкімі Дастан Рыспеков – Ұлытау және Жаңаарқа аудандарына қарасты елді мекендерде жөнделіп жатқан жолдардың жәйін бақылап, құрылыс нысандарын аралады.

Өңір басшысының кезекті аралауы Ұлытау ауданы, Борсеңгір ауылына кіреберіс жолдан басталды. Мұнда ауылға кіретін 20 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілуде. Дастан Рыспеков – ең бірінші кезекте жұмыстың сапалы орындалуын қадағалауға алуды тапсырды.

Борсеңгі селолық округіне кіреберіс жолдың толықтай аяқталу уақыты келер 2027 жылға белгіленген.

Ал, бұл – Жезқазған – Қарағанды тас жолы! Көп жылдан бері жөндеу көрмей, жүргізушілер тарапынан бірқатар сынға іліккен үлкен трассада да тіршіліктің лебі бар. Қазір жолдағы шұңқырлар тегістеліп, қалыпқа келтірілуде...

Қазір мұндағы жөндеу жұмыстарына 18 техника мен 50 ге жуық адам жұмылдырылған.

Аралау барысында Ұлытау ауданы Сарысу ауылына кіреберіс жол мен Жаңаарқа ауданы, Қызылжар кентінде жөнделіп жатқан көпрдің құрылысы да назарға алынды. Сонымен қатар, Қызылжарда қайта жаңғыртылып жатқан теміржол вокзалындағы құрылыс жұмыстарында да болды.

Облыс әкімінің аралауы әрі қарай Түгіскен ауылында жалғасын тапты. Мұнда жуырда дәрігерлік амбулатория ашылған. Аталған амбулатория – заманауи үлгідегі құрал жабдықтармен жабдықталған.

«(Түгіскендегі дәрігерлік амбулатория бір мезетте 20 адамға қызмет көрсете алады. Бұл медицина орталығына осы ауылға жақын Ералиев, Қызылжар елді мекендерін қоса алғанда 1500 нан аса тұрғын қарала алады. Мұнда күндізгі стационарда да ем қабылдауға мүмкіндіктер қарастырылған.)»

— Рүстем Нысамбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Бұдан бөлек Түгіскенде – ветеринарлық пункті де бой көтерген. Бұл – өңірде шалғай ауылдарда салынған алғашқы ветеринарлық орталық. Нысанның ашылуымен елді мекендегі бірқатар тұрғын жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі ветеринарлық пунктердің ауылдарда ашылуының маңыздылығына айрықша тоқталып, салаға жауапты басқармаға бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру керектігін айтты.

Аймақ басшысының сапары – Жаңаарқа ауданында құрылған отбасылық фермамен қорытындыланды. «Бастау» шаруа қожалығы «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының көмегімен шаруасын кеңейтуде. Қожалық иелері - Шаруашылыққа қажетті жаңа техникалар сатып алып, етті және сүтті сиыр, қой тұқымдастарын әкелген.

«(Мұндағы шаруашылық құрылыс жұмыстары 95 пайызға дайын. Мұнда 10 ға жуық жұмыс орны ашылуда. «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы техникаларды алуға жәрдемдесті. Мұның барлығы ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асты.)»

— Нұрлан Садыбеков, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басшысы

Жұмыс сапары бойынша аймақ басшысы Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының әкімдерінің бірқатар тапсырмалар жүктеді. Негізгі мақсат: өңірдегі жол инфрақұрылымы мен ауылшаруашылығын кеңінен дамыту.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты