ОБЛЫС АУМАҒЫНДА 3500 АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Елді мекендерді абаттандыруға бағытталған шараға 10 мыңға жуық тұрғын қатысып, 150 арнайы техника жұмылдырылды.
Экологиялық акцияға облыс әкімі Есет Байкен де қатысып, тұрғындармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Өңір басшысы көгалдандыру жұмыстары тек ағаш егумен шектелмей, оның кейінгі күтімімен жалғасуы керектігін атап өтті. Әсіресе көшеттерді уақытылы суарып, күтіп-баптау және сақталуын қамтамасыз ету маңызды.
«Бұл – биіктігі 30 метрге дейін өсетін, жапырағы үлкен әрі көлеңкесі қалың ағаш. Мамандардың тексеруінен өткен бұл ағаш жергілікті климатқа қолайлы. Оның жақсы жерсінуі үшін автоматты суару жүйесі де орнатылды. Қазірдің өзінде 200 ағаш отырғызылды. Жалпы жағалау аумағына 250 шынар және тағы 1200 жапырақты ағаш егіледі. Сонымен қатар 4 мың бұта отырғызу жоспарланып отыр. Олардың қатарында шаған, үйеңкі, қайың, қарағай және шырша бар. Барлық көшет кезең-кезеңімен отырғызылады»
— Азиз Османов, көгалдандыру компаниясының директоры
Көгалдандыру жұмыстарына мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, еріктілер, жастар және тұрғындар белсенді атсалысты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыс аумағында 3500 көшет отырғызылды. Бұдан бөлек, елді мекендердегі қоғамдық орындар, көшелер мен аулалар тазартылды. Жиналған қоқыс арнайы техникамен шығарылып, аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындарды туған өлкені таза ұстауға үндейді. Өңірде көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


