Жаңалықтар

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «BINOM» МЕКТЕБІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «BINOM» МЕКТЕБІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Жезқазғанда «BINOM» мектебінің құрылысы ресми бастауын алды. Заманауи мектеп оқушы орындарының тапшылығын азайтып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуына жол ашпақ. Жаңа нысан қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын толықтыратын маңызды жобалардың бірі болады деп күтілуде...

Оқу ордасының алғашқы Іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Есет Байкен, BI Group компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев, «BINOM» мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырова, құрылыс саласының өкілдері, қала мектептерінің басшылары мен құрметті қонақтар қатысты.

Жоба бойынша мектеп бір ауысымда 1000 оқушыға арналған. Ал оқу екі ауысымда ұйымдастырылса, 2000 балаға дейін қабылдай алады. Білім ордасы 2,4 гектар аумақта орналасады. Ғимараттың жалпы аумағы – 13 мың 150 шаршы метр.

Мұнда дәстүрлі сыныптармен қатар, оқушылардың жан-жақты дамуына арналған кинозал, коворкинг кеңістіктері, телестудия, ойын бөлмесі және заманауи смарт-сыныптар қарастырылған. Сондай-ақ ағаш пен металл өңдеуге арналған шеберханалар жабдықталады деп жоспарлануда.

Жаңа мектепте оқушылардың көшбасшылық және еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіруге де жағдай жасалады. Осы мақсатта Speaking Club алаңы мен TEDxBINOM жобасын іске қосылады. Білім ордасы 2027 жылғы 1 қыркүйекте алғашқы оқушыларын қабылдайды деп жоспарланып отыр.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты