ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАДА ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Өңір медицинасындағы – оң қадамдар! Республикалық реновация бағдарламасы бойынша Облыстық көпбейінді ауруханада жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2025 - 2027 жылдар аралығын қамтитын күрделі жөндеу барысында: ғимараттың инженерлік желілерін ауыстыру, операциялық бөлмелер мен палаталарды жаңарту қарастырылған. Сонымен қатар, онкологиялық көмек көрсету үшін жаңа корпус салу жоспарлануда.
Денсаулық сақтау министрлігі - облыстық ауруханаларды жаңарту жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба халыққа мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Негізінен алты маңызды бағытты қамтиды. Атап айтар болсақ: терапия бөлімшелерін ашу, құзыреттілік орталықтарын құру, телемедицинаны дамыту, симуляциялық орталықтарды іске қосу, медициналық кадрларды оқыту және жабдықтарды жаңарту.
«(Жаңғырту жұмыстары – көпбейінді аурухана ғимаратындағы барлық бөлімге жүргізіледі. Сонымен қатар, асхана мен мәйітхана да қамтылады. Қазіргі таңда ғимараттың 8 ші, 9 шы қабаттарындағы жөндеу шаралары аяқталып, 6 шы және 7 ші қабаттарда жалғасын табуда. Бұдан бөлек, заманауи үлгідегі медициналық аппараттар орнатылуда. Жасалып жатқан игілікті істер – тұрғындарымыздың саулығы мен аймақ медицинасына оң әсерін беретініне сенімдіміз!)»
— Шахрух Юлдашев, пациенттерді қорғау және ішкі бақылау қызметінің жетекшісі
Бүгінде аурухана базасына 2,7 млрд теңгеге 47 заманауи медициналық құрылғы сатып алынған. Ал, жөндеуден өткен бөлімдер пайдалануға беріліп, алғашқы ем алушыларды қабылдауда...
«(Менің жасым 33 те! Мұнда асқазан ауруымен түстім. Шұғыл медициналық тексерістен кейін маған ота жасады. Қазір жағдайым жақсы! Ғимараттағы өзгерістер бірден байқалады. Дәрігерлерге деген алғысым шексіз. Барлығы науқастардың тезірек сауығуы үшін еңбек етуде!)»
— Дмитрий Зеленый, емделуші
Жаңғырту жұмыстары аясында – жаңадан Госпитальдық фармация бөлімшесі ашылған. Аталған бөлімше стационарлық көмек көрсетеді және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тиісті деңгейде пайдаланылуын бақылауда ұстайды.
Көпбейінді ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарын толықтай аяқтау мерзімі 2027 жылға белгіленген.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


