ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ

Бүгін - Ұлытау облыстық мәслихатының кезектен тыс XXXVІІ ші сессиясы өтті. Онда күн тәртібіне: өңірдің 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және қалалар мен аудандардағы абаттандыру қағидаларын бекіту сынды мәселелер шығарылды.
Сессия отырысына облыс әкімі Есет Байкен арнайы қатысты. Алдымен әдеттегідей күн тәртібі бекітіліп, сессияның есеп комиссиясының құрамы сайланды. Жиындағы негізгі мәселенің бірі: өңірдің даму жоспарына қатысты болды. Оған енгізілген өзгерістерге сәйкес инвестициялық жобалардың саны артып, қосымша бірқатар әлеуметтік нысан салынбақ...
Сонымен қатар, аймақта Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасына да айрықша серпін берілмек. Аталған бағдарлама аясында тозығы жеткен көпқабатты үйлер сүріліп, орнына жаңа үйлер бой көтереді. Облыс әкімі – жаңадан салынатын үйлердің сапасымен қатар оның тұрғындар үшін қолжетімділігіне баса назар аудару керектігін айтты.
Бұдан бөлек аймақтағы абаттандыру жұмыстары да күн тәртібіне шығарылды. Бұл бағытта қала-аудан әкімдері қысқа мерзімде жоба дайындайды. Мәслихат депутаттары мен тұрғындар тарапынан қолдау тапқан жобалар жүзеге асырылады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


