Жаңалықтар

ОБЛЫСТЫҚ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНЕ 65 ЖЫЛ!

ОБЛЫСТЫҚ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНЕ   65 ЖЫЛ!

Биыл Жезқазғандағы облыстық жоғары медициналық колледж 65 жылдық мерейтойын атап өтуде. Тарихы терең оқу орнының мерейтойына орай «Пациенттердің қауіпсіздігін арттыруда жасанды интеллектің мейіргер жұмысындағы рөлі» тақырыбында облыстық конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Ұлытау облысы әкімдігі мен мәслихаты, Жезқазған қаласының әкімдігі, қоғамдық ұйымдар, медицина саласының мамандары, сондай-ақ колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.

Бүгінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы медицина саласына тың мүмкіндіктер ұсынып отыр. Соның бірі - жасанды интеллект. Қазіргі таңда ол дәрігерлер мен мейіргерлер жұмысының тиімділігін арттырып, пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құралдардың біріне айналған. Осы бағыттағы өзекті мәселелер облыстық конференция барысында кеңінен талқыланды. Алқалы жиында алғаш болып сөз алған Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Қәріпбаев оқу орны ұжымын мерейтоймен құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Конференция барысында орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту мәселелері қозғалды. Әсіресе, мейіргер ісінде жасанды интеллектіні пайдалану арқылы медициналық қызмет сапасын жақсарту мен адам өміріне төнетін қауіптің алдын алу тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Шара барысында сала мамандары цифрлық технологиялардың медицинадағы мүмкіндіктеріне жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні тәжірибеге енгізу кезіндегі ықтимал тәуекелдер мен этикалық мәселелер де талқыланды. Бүгінде оқу орны заман талабына сай білім беру жүйесін жетілдіріп, материалдық-техникалық базаны жаңғырту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Қазіргі таңда облыстық жоғары медициналық колледжде жүзден астам білікті маман еңбек етеді. Ал бес мамандық бойынша мыңға жуық студент білім алуда. Болашақ медицина қызметкерлерінің айтуынша, мұндай конференциялар жаңа технологияларды терең меңгеруге және кәсіби тәжірибені жетілдіруге мүмкіндік береді.

Конференция аясында колледждің бірқатар оқытушыларына түрлі деңгейдегі марапаттар табыс етілді. Мерейтойлық жиын медицина саласындағы цифрландыру үдерісінің қарқынын көрсетіп қана қоймай, жасанды интеллекттің болашақ денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызын айқындай түсті.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты