Жаңалықтар

ӨНЕРГЕ БАУЛЫҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ

ӨНЕРГЕ БАУЛЫҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ

Республика күні қарсаңында Жезқазғандағы «Өнер академиясында» ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Аталған Академияның негізін қалаушы Жібек Өмірханқызының бастамасымен өткен кездесуде балалар қыш өнерімен танысып, саз балшықтан бұйым жасауды тегін үйренді.

Шеберлік сабағында балалар саз балшықты илеп, оған пішін беріп, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасады. Іс шара ұйымдастырушылары: осындай қайырымдылық шараларын жыл сайын өткізіп, балалардың өнерге жақын болуына қолдау көрсетіп келеді. Қыш өнері қол икемін жетілдіріп қана қоймай, зейінді тұрақтандыруға, қиялды дамытуға ықпал етеді. Ал саз балшықпен жұмыс істеу балалардың көңіл күйіне жағымды әсер қалдырып, шығармашылық еркіндігін сезінуге жол ашады.

Жібек Өмірханқызы алдағы уақытта да игі бастаманы жалғастырып, балаларды өнердің өзге де түрлерімен таныстыруды көздеп отыр. Мұндай шаралар әр баланың бойындағы дарынын танытуға және шығармашылық ортаға еркін араласуына сеп болмақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты