Жаңалықтар

«ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ» ӘДЕБИ ТАНЫМДЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ КЕШІ

«ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ» ӘДЕБИ ТАНЫМДЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ КЕШІ

Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында ҚР-ның еңбек сіңірген артісі, әнші, термеші әрі өнер зерттеушісі Серік Оспанның шығармашылығына арналған «Өнерім - өмірім» атты әдеби-танымдық музыкалық кеш өтті. Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған шара автордың «Ұлытау өңірінің сал-серілері мен әнші, күйші, ақындары» атты кітабына негізделді.

Серік Оспан - қазақ өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы бар тұлға. Ол 1957 жылы Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында дүниеге келген. Өнер жолында республикалық «Жігер» жастар фестивалінің жеңімпазы, Бүкілодақтық халық шығармашылығы байқауларының І, ІІ, ІІІ дәрежелі лауреаты атанды. Сондай-ақ КСРО кәсіподақтарының орталық кеңесінің «Көркемөнердегі жетістігі үшін» алтын медалі мен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Еңбек жолын Жаңаарқа ауданында бастап, ұзақ жылдар мәдениет саласында қызмет етті. Кейін Жезқазған филармониясының директоры әрі көркемдік жетекшісі болып, өңірлік өнер ұжымының қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосып келеді. Бүгінде Облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығында "Шығармашылық бөлімінің басшысы" қызметін атқаруда.

Мәдени кешке Серік Оспанның зерттеу еңбегінің арқауына айналған Ұлытау өңірінің өнер майталмандары, мәдениет саласының өкілдері және жас өнерпаздар қатысты. Олар Серік Оспанның тек әнші-орындаушы ғана емес, сонымен қатар қазақтың сал-серілік дәстүрін, күйші-ақындар мұрасын ұзақ жылдар бойы жинақтап, ғылыми тұрғыда жүйелеп келе жатқан зерттеуші екенін ерекше атап өтті.Атап айтқанда, оның Сәкен Сейфуллин, Балуан Шолақ, Сегіз сері сынды қазақтың біртуар тұлғаларының музыкалық мұрасын зерделеп, ғылыми айналымға енгізуге арналған еңбектері ұлттық руханият үшін маңызды қадам ретінде бағаланып, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі атанды.

«Өнерім - өмірім» кеші тек бір тұлғаның шығармашылығын таныту емес, Ұлытау руханиятының, қазақ өнер мектебінің тұтас тарихын жаңғыртқан тағылымды шара болды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты