Жаңалықтар

ӨҢІР БАСШЫСЫ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

ӨҢІР БАСШЫСЫ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Есет Байкен Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті. Басқосуда өңірдің бүгінгі тынысы, әлеуметтік-экономикалық даму барысы және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында облыс әкімі аға буын өкілдерімен тұрақты әрі ашық диалог орнату - тиімді басқарудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, экологиялық қауіпсіздік, инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері тұрақты бақылауда. Өңірге қатысты әрбір маңызды бастама мен ауқымды жобаны қоғаммен ақылдаса отырып жүзеге асырудың маңызына ерекше тоқталды.

Өз кезегінде Ардагерлер кеңесінің мүшелері өңірдің өзекті мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Әсіресе су қоймаларын жүйелі тазарту, ауыз су сапасын жақсарту, ауылдық медицина саласын дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтерілді. Әрбір ұсыныс жан-жақты талқыланып, оны іске асыру жолдары сараланды.

Кездесу қорытындысында тараптар алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін білдірді. Облыс әкімі Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне өңірдің дамуына бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным танытып жүргендері үшін алғыс айтып, мұндай кездесулер халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді шешімдер қабылдауға берік негіз қалайтынын атап өтті.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты