ӨҢІРДЕ ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ БАҒЫТТАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОБА БАСТАУ АЛДЫ

Өңірде мемлекеттік этносаясатты жетілдіруге арналған республикалық жоба бастау алды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен қолға алынған бастама қоғамдық келісімді нығайтып, елдегі бірлік пен татулықты одан әрі дамытуға бағытталған.
Жобаны «Қазақстандық Даму қауымдастығы» жүзеге асыруда. Алғашқы іс-шара ретінде ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Оған өңірден іріктелген 25 маман қатысты. Семинар барысында мемлекеттік этносаясаттың басым бағыттары, қоғамдық келісімді нығайту тетіктері және түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды. Жиынды облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ербол Күмісходжаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін оқыту ұйымдастырылады. Сонымен қатар жастармен кездесулер, дәрістер мен семинарлар өткізіледі. Цифрлық сауаттылық пен медиасауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, жоба мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың өкілдерін біріктіреді. Жоба құқықтық және цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған»
— Анара Битебаева, «Қазақстандық Даму қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры
Еркін форматта өткен семинар қатысушылардың ашық пікір алмасуына және тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік берді. Айта кетейік, Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы тәжірибені сақтау мен нығайту - мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
«Қазақстанда этносаралық келісім мен ішкі саяси тұрақтылық сақталып отыр. Бұл - ең алдымен жүйелі әрі үздіксіз жүргізіліп келе жатқан жұмыстың нәтижесі. Ауқымды жоба Қазақстанның жүрегі саналатын, киелі Ұлытау өңірінен бастау алып отыр. Осындай семинарлар Шымкентте, Талдықорғанда да өтеді. Осылайша жоба бүкіл Қазақстанды қамтиды»
— Сергей Коновалов, «Өзекті саясат институты» қоғамдық қорының жетекшісі - ПЕРЕВОД:
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама мамандардың кәсіби әлеуетін арттырумен қатар, құқықтық және цифрлық сауаттылықты дамытуға да серпін бермек.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


