Жаңалықтар

ӨҢІРДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

ӨҢІРДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Ұлытау облысы жаңа инвестициялық кезеңге қадам басты. Өңірде өткен «Ulytau Invest - 2026» халықаралық инвестициялық форумы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін берді.

Форум қарсаңында Қытай делегациясы Ұлытау облысы әкімдігінде ресми қабылдауда болды. Айта кетейік, биылғы наурыз айында өңір басшысы Қытайдың Шэньси провинциясына жұмыс сапарымен барып, провинция губернаторымен келіссөздер жүргізген болатын. Ал бұл сапар сол кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтардың заңды жалғасы болды. Тараптар инвестиция, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін айтты.

Форум аясында Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері инвестициялық әріптестікті кеңейту жолдарын талқылады. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев ашып, Ұлытау өңірінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Ал Шэньси провинциясы делегациясының өкілі Ван Цзинцзин екіжақты байланыстың стратегиялық маңызына тоқталды. Іскерлік бағдарлама барысында жеті баяндама ұсынылып, тараптар өнеркәсіп, жаңа энергетика және инвестициялық жобаларды дамытуға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Форум қорытындысында Қытай делегациясы мен «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арасында бірқатар екіжақты және үшжақты меморандумға қол қойылды. Келісімдер тұрғын үй мен қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, өндірісті технологиялық тұрғыда дамыту, төмен көміртекті индустриялық кластер құру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту және жел электр станциясын салу бағытындағы жобаларды бірлесіп іске асыруды көздейді.

«ПЕРЕВОД: «Ең алдымен, осы форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бізді шақырғандарыңызға қуаныштымыз. Алдағы уақытта Ұлытау облысымен бірлескен жобаларды көбейтіп, өңірдегі кәсіпорындармен жаңа серіктестік байланыстар орнатамыз деп сенемін. Рақмет!»

— Гопин Бу, Shaanxi Construction Engineering No.13 Construction Group Co., Ltd. басқарма төрағасы

Форумның ресми бөлігінен кейін кездесу B2B форматындағы іскерлік келіссөздерге ұласты. Тараптар жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және өзара әріптестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Кейін Қытай делегациясы өңірдегі реновация нысандары мен негізгі инвестициялық алаңдарды аралап, Ұлытаудың инвестициялық әлеуетімен танысты. Бағдарлама аясында қонақтар облыстық тарихи-археологиялық музейге барып, «Көкмайса» этнофестиваліне қатысып, өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрлеріне куә болды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты