ӨҢІРДЕ МӘМС ЖҮЙЕСІ АЯСЫНДА ЛАПАРОСКОПИЯЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР ӨТКІЗІЛДІ

Өңірде жоғары технологиялы медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Жезқазған қаласының Медициналық орталығында «Қауіпсіз эндовидеохирургияның негіздері» тақырыбында шеберлік сабағы өтті. Шара барысында дәрігерлер лапароскопиялық адреналэктомия мен лапароскопиялық фундопликация оталарын сәтті орындады. Мұндай тәжірибелік сабақтар заманауи хирургиялық әдістерді енгізуге және медицина мамандарының кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Аймақта алғаш рет жасалған бүйрекүсті безін алу және өңеш қуысы жарығын түзетуге арналған аз инвазивті оталар дәрігерлердің тәжірибесін арттырып, науқастарға қауіпсіз әрі тиімді емдеудің жаңа тәсілдерін қолдануға жол ашып отыр. Шеберлік сабағын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Тоқпанов жүргізді. Операциялар онлайн-трансляция арқылы көрсетілді.ОСылайша хирургтар тәжірибе алмасты.
Шеберлік сабақтары барысында науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, олар мамандардың бақылауымен қалпына келу процесінен өтті. Айта кетейік, 2025 жылы Медицина орталығының хирургиялық бөлімінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 431 науқас операциядан өткен.Ал 2026 жылдың басынан бері 22 хирургиялық ота жасалды.
Мамандардың біліктілігін арттыру және оларды оқыту шаралары өңірде медицина мамандарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Осындай шеберлік сабақтары тұрақты түрде өткізіліп, заманауи медициналық технологиялардың жергілікті деңгейде енгізілуіне мүмкіндік бермек.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


