ӨҢІРДЕ МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, оған өңірлік Сайлау комиссиялары онлайн форматта қатысты. Жиыннан кейін Ұлытау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы - сайлау науқанына облыстағы дайындық жұмыстарын бастады.
Жезқазғанда өткен отырыста күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен сайлауды дайындау мен өткізудің негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжатта науқанның маңызды кезеңдері мен мерзімдері белгіленген. Кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазанға дейін жалғасады. Ал, үміткерлер мен партиялық тізімдерді тіркеу 1 қарашада аяқталуға тиіс.
Сайлау комиссияларының құрамы толық жасақталып, Сайлау күні өңірде 127 учаскелік комиссия жұмыс істемек. Ендігі міндет - комиссиялардың құрамы мен орналасқан мекен жайы туралы мәліметтерді ресми интернет-ресурстар мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, сайлаушыларды уақтылы хабардар ету. Отырыс қорытындысында тиісті қаулы қабылданып, сайлау заңнамасын сақтау мен азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету міндеттері атап өтілді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


