ӨҢІРДЕ СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Өңірде спорт саласын дамытуға бағытталған жұмыстар қарқын алып келеді. Жаңа спорт нысандарының саны артып, халықтың спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасалуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтылды.
Бүгінде облыста 236 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 227-сі мемлекеттік, 9-ы жекеменшік. Өткен жылы өңірде сегіз жаңа спорт нысаны пайдалануға берілген. Олардың қатарында Қаражалдағы жабық жүзу бассейні, Жезді мен Жаңаарқадағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Жезқазғандағы «Жігер» спорт кешені мен Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы бар. Сондай-ақ Сәтбаев қаласы мен Ералиев ауылында жылдам тұрғызылатын спорт кешендері салынып, Кеңгір ауылында жабық футбол манежі іске қосылған.
Сонымен қатар, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бес ведомстволық мекемеде 575 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде облыста 77 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл - өңір халқының 37,1 пайызы. Ал биылғы алты айда 200-ден астам бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Дегенмен, спортқа қызығушылықтың артуы жаңа инфрақұрылымға деген сұранысты да күшейтіп отыр. Сондықтан өңірде қолданыстағы нысандарды жаңартумен қатар, жаңа спорт кешендерін салу қажеттілігі сақталып отыр.
Жалпы, биыл Ұлытау облысында спорт саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 6 миллиард 356 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаражат спорт ұйымдарының жұмысын қамтамасыз етуге, спортшыларды қолдауға, нысандарды жаңғыртуға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталып отыр.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


