ӨҢІРДЕ «ТҮЛЕКТЕРДІҢ АҒАШ ЕГУ» ЭКОЧЕЛЛЕНДЖІ ӨТТІ

Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Түлектердің ағаш егу» экологиялық челлендж өтті. Игі бастамаға Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың түлектері де белсенді қатысты. Олар білім ордасының аумағына 51 түп көшет отырғызып, қаланың көгалдануына өз үлестерін қосты.
Еліміз бойынша білім беру ұйымдарында «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» айлығы өтіп жатыр. Бұл бастама оқушыларды кітап оқуға баулу, ізгі істер мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сананы дамыту және қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» бастамасы аясында мектеп аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тазалау жұмыстары да жүргізілуде. Қаламыздағы Абай атындағы мектеп ұжымы мен түлектері бұл бастамада ерекше белсенділік танытып, жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
Биыл бұл мектептен 85 оқушы түлеп ұшпақ. Олар үшін ағаш отырғызу өз мектебіне деген құрмет пен есте қаларлық із қалдырудың бір көрінісіне айналды. Отырғызылған көшеттер алдағы уақытта мектеп ауласының жасыл аймағын кеңейтуге негіз болмақ.
Жалпы Ұлытау облысында «Түлектердің ағаш егу» экологиялық челленджі аясында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты мен №8 гимназияның түлектері белсенді қатысты. Игі шара барысында 102 түлек 102 ағаш отырғызды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


