ӨҢІРДЕ ЖАҢА СПОРТ НЫСАНЫ

Өңірдің спорт саласындағы оң жаңалық! Облыс орталығында - байдарка мен каноэда ескек есушілерді даярлайтын жаңа спорт мектебі салтанатты түрде ашылды...
Кеңгір көлінде жаттығатын жезқазғандық ескекшілер – халықаралық деңгейдегі додаларда талай мәрте топ жарған. Заманауи талаптарға сай салынған қос қабатты ғимарат – аталған спорт түрімен айналысушылардың жан-жақты дайындалуына мол мүмкіндік бермек. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан аймақ басшысы – спорт саласын дамытудың маңыздылығын айрықша атап өтті...
Осы уақытқа дейін өңір спортшылары аталған спорт түрімен тек жаз мезгілінде ғана шұғылданса, жаңа нысанның бой көтеруімен жыл бойы жаттыға алады. Сонымен қатар, қыс мезгілінде ескек есушілердің шаңғы спорты арқылы жалпы дене дайындығын жетілдіруіне де қолайлы жағдайлар жасалған.
-(Ұлытау өңіріндегі ескек есу мектебінің тарихы 1969 жылдан бастауын алады. Біздің негізгі мақсат: осы спорт түрінен Олимпиада жүлдесіне қол жеткізу. Оған үмітіміз де жоқ емес. Мұнда қазірдің өзінде 200 ден аса ескекше жаттығады. Спорт саласын кешенді дамытуға арналған жобалар әрі қарай да жалғаса бермек...) -(Бұл спорт мектебінің құрылысы 2024 жылы басталды. Өте сапалы салынды. Мұндағы дайындыққа қажетті құрал жабдықтар да заманауи стандарттарға сай. Ескек есушілерге деген қолдау үшін облыс әкімдігіне үлкен алғыс айтамын. Артылған сенімді ақтау үшін барымызды салатын боламыз!) Айта кетейік, бүгінде Ұлытау облысында 9 жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, спорттық инфрақұрылым 25 пайызға жаңартылған.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


