ӨҢІРГЕ ДӘРІГЕР МЕН МҰҒАЛІМ МАМАНДАРЫ ҚАЖЕТ

Аймақта кадр тапшылығы әлі де күн тәртібінде. Бір ғана білім саласында 200-ден астам бос жұмыс орны бар. Бұдан бөлек денсаулық сақтау ісінде де 189 жоғары білікті дәрігер қажет. Аталған мәселе шеңберінде әр сала бойынша жеке-жеке аймақтық бағдарлама жасалған. Жобаның маман тартудағы жемісі қандай?
Ұлытау өңірінде дәрігер маманға деген сұраныс жаңа облыс құрылғалы арта түскен. Мысалы, Жезқазғанның көпбейінді ауруханасында 30 дәрігер жетіспейді. Штат толғанша тапшы маманның жұмысын өзге дәрігерлерге қосымша жүктеме ретінде беріп амалдап отырмыз дейді мекеме басшылығы.
«Акушер-гинекологтарымыз, реаниматологтарымыз, неонатологтарымыз сол мамандарға тапшымыз. Жоқ маманның орындарын бізде нагрузка дейміз ғой сол жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге қосымша ставкалар беріп, қосымша жұмыстар беріп сонымен шығып жатырмыз. Сосын врач-совместитель деген түсінік бар. Сол кісілерге көтерме ақша береміз, солай жұмыс істейді»
— Ғабиден Аханов, облыстық көпбейінді аурухана директоры
Жергілікті билік өңірге дәрігер тарту үшін арнайы бағдарлама да жасады. Көшіп келген мамандарға көтермеақы және тегін баспана беріледі. Шалғай ауылдарға барған мамандарға 8 млн теңгеге дейін қолдау бар. Осының нәтижесінде кейінгі үш жылда облысқа 100 жоғары білікті дәрігер келген. Дегенмен, қажеттілік әлі де бар.
(-180-нен астам дәрігер қажет. Сондықтан алда атқарылатын жұмыс көп. Жастарды оқыту үшін тиісті қаражат қаралған. Өңірге келген мамандарды қолдау үшін облыс қазынасынан 180 млн теңге бөлінді. Биыл 100 ден астам дәрігер тартамыз деп жоспарлап отырмыз. Оларды баспанамен қамтып, баспанамен қамту міндеті тұр.) Өңірдегі маман тапшылығы білім саласында да бар. 200-ден астам мұғалім жетіспейді. Әсіресе, жаратылыстану мен ағылшын пәні мұғалімдері және логопед, дефектолог секілді мамандар жоқ.
«Жоғары оқу орындарының жәрмеңкелеріне қатысамыз, оның сыртында «Педегог GO» бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Ашық есік күндерін ұйымдастырамыз. Сол кезеңде педагогтарды тарту жұмыстары жүргізіледі. «Дипломмен ауылға» деген бағдарламамен 2025 жылы 47 жас маман жұмысқа орналастырылды. Ұлытау ауданы бойынша 29, Жаңаарқа ауданы бойынша 17 және Талап ауылы бойынша 1 маман тартылды. Оларға көтерме көлемде ақша беріледі»
— Айнұр Шалғынбаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы
Облыста маман даярлайтын жалғыз ғана жоғары оқу орны бар. Сондықтан, жастардың көбі өзге өңірлерге барып оқуға мәжбүр. Осы олқылықты толтыру үшін Жезқазғанда шет елдің жетекші білім ордаларымен бірлесіп Техникалық университет құру жұмыстары жүріп жатыр.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


