Жаңалықтар

ӨҢІРЛІК КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВ ЖАСТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

ӨҢІРЛІК КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВ   ЖАСТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

Жас әрі білікті мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту - бүгінде маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Ұлытау облысында өңірлік кадрлық резервті қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жалғасып келеді. Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жоба басқарушылық әлеуеті жоғары жастарды қолдап, олардың кәсіби дамуына жол ашуды көздейді. Осы бастаманың нәтижесін көріп отырған жас мамандардың бірі - Айдарбек Әлімжан.

Айдарбек Әлімжан еңбек жолын 2019 жылы Жезқазған қаласы әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінде бастаған. Аз уақыт ішінде кәсіби тәжірибе жинақтап, өзін жауапты әрі білікті маман ретінде көрсете білді. 2023 жылы өңірлік кадрлық резервке іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өтіп, резерв құрамына енді. Оның айтуынша, бұл жоба кәсіби дамуға тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан.

Өңірлік резерв құрамына енгеннен кейін Айдарбек Әлімжан халықаралық деңгейде білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. 2025 жылы «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тағы Калифорния университетінде тағылымдамадан өтіп, жергілікті және мемлекеттік басқару саласындағы озық тәжірибелерді меңгерді. Ол алған білім мен тәжірибе мемлекеттік басқару ісін жетілдіруге және өңірдің дамуына тың серпін береді дейді.

Бүгінде өңірлік кадрлық резерв жас мамандар үшін мансаптық өсудің маңызды тетігіне айналып отыр. Жоба талантты жастарды анықтап қана қоймай, олардың кәсіби әлеуетін дамытуға және мемлекеттік қызметтің жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде өңірдің тұрақты дамуына негіз болатын білікті кадрлар қатарын толықтыра түспек.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты