ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Жыл сайын жылу беру маусымы басталған кезде өңірде өрт қаупі де өршиді. Әсіресе жеке тұрғын үй секторында бұл мәселе өткір сезіледі. Бұған көбіне техникалық талаптардың сақталмауы мен электр жабдықтарының дұрыс орнатылмауы себеп. Сондай-ақ тұрғындардың кейбірі ақауы бар пеш жағады. Тұрмыстық өрттің алдын алу және оның санын азайту мақсатында өңірде өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді. 2025–2026 жылдардағы жылыту кезеңі басталғалы бері Жезқазған қаласында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғын үй секторында орын алған 12 өртті жойды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ.
«Жылыту кезеңі басталғалы: 887 тұрғын үй профилактикалық іс-шаралармен қамтылды; 2642 азаматқа өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық берілді;1723 өртке қарсы жадынама таратылды. Сонымен қатар пешпен жылытылатын көпбалалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасылардың 33 жеке тұрғын үйіне дербес датчиктер орнатылды. Оның ішінде 10 көміртегі тотығын анықтайтын және 23 түтін датчигі бар. Жезқазған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өрт қауіпсіздігі – әр азаматтың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты ортақ жауапкершілік. Тек сақтық пен талаптарды орындау арқылы ғана қауіптің алдын алуға болады. Өрт орын алған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласыңыз»
— Дидар Құйқабаев, Жезқазған қаласы ТЖБ бастығы
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


