Жаңалықтар

ӨРТ ҚАУПІ БАҚЫЛАУДА

ӨРТ ҚАУПІ БАҚЫЛАУДА

Биылғы жылдың 6 сәуірінен бастап Ұлытау облысында өрт қаупі жоғары кезеңі басталды. «Қазгидрометтің» мәліметінше, өңірде өрт шығу қаупі әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Осыған байланысты жауапты мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы облыста жалпы аумағы 1 мың 137 гектарды қамтыған 18 дала өрті тіркелген. Барлық өрт ошақтары Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар және өзге де қызметтердің жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында дер кезінде оқшауланып, толықтай сөндірілді. Соның нәтижесінде өрттің елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарына таралуына жол берілген жоқ. Зардап шеккендер тіркелмеді.

Табиғи өрттің алдын алу бағытындағы жұмыстар да тұрақты жүргізіліп отыр. Құтқарушылар тұрғындармен кездесіп, табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау тәртібін түсіндіруде. Сондай-ақ қоқыс пен құрғақ шөпті өртеу секілді қауіп төндіретін әрекеттер үшін заңмен жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысында орман алқаптарының айналасында жалынның таралуына тосқауыл болатын арнайы қорғаныс жолақтары жасалды. Мамандардың айтуынша, табиғи өрттердің басым бөлігі адам салғырттығынан болады. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтап, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты