ӨРТ ҚАУПІ ЖОҒАРЫ КЕЗЕҢ

Өңірде қазір өрт қаупі жоғары кезең... Күннің ысып, желдің күшеюі табиғи және дала өрттерінің қаупін арттыруда. Осыған байланысты аймақта төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ өрт шыққан жағдайда күштер мен құралдардың жедел әрекет етуге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы облыс аумағында 512 гектар жерді қамтыған 16 табиғи өрт тіркелген. Бұдан бөлек, 795 гектар аумақта 3 дала өрті болған. Өрт оқиғаларының барлығы Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында тіркелді. Қауіпті кезеңде басты міндет - өрт ошағын дер кезінде анықтап, жалынның кең аумаққа жайылуына жол бермеу дейді мамандар.
«Өрт қаупі жоғары кезең басталғанға дейін орман шаруашылықтарына барып, тиісті жұмыстар жүргіздік. Атап айтқанда, Жаңаарқа орман шаруашылығының «Қараағаш» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне және «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бардық. Бірлесіп 5 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Бұл жаттығулар өрт болған жағдайда бөлімшелердің өзара іс-қимылын пысықтауға бағытталды. Сонымен қатар Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында 1000 шақырымнан астам минералданған жолақ жасалды»
— Ермек Исмаилов, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы
Өртке қарсы қызметтің әзірлігі де күшейтілген. Қазір ТЖД бөлімшелерінде 38 негізгі, 9 арнайы және 30 қосалқы техника бар. Өртті сөндіру және жедел жұмыстарды жүргізу үшін бұған қоса «Ермак» жоғары қысымды 2 қондырғысы мен 65 арқалық өрт сөндіргіш дайын тұр.
«Бұдан бөлек, апта сайын рейдтік шаралар жүргізіледі. Нәтижесінде 7 жеке тұлғаға және 1 заңды тұлғаға жалпы сомасы 1 миллион 297 мың 500 теңге айыппұл салынды. Қазір, көріп отырғандарыңыздай, ауа температурасы 40 градустан асып отыр. Желдің де жиі күшеюі дала өрттерін сөндіру жұмыстарын қиындатады. Бұған жер бедерінің күрделілігі де әсер етеді. Атап айтқанда, тау бөктері, шатқалдар және басқа да аумақтар бар»
— Ермек Исмаилов, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы
Өрттің алдын алуда жергілікті жердегі ерікті жасақтардың да көмегі маңызды. Бүгінде облыста 33 ерікті өртке қарсы құрылым құрылған. Оның құрамында 1288 адам бар.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


