Жаңалықтар

ОТБАСЫЛАРҒА КЕШЕНДІ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

ОТБАСЫЛАРҒА КЕШЕНДІ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Биылғы жылдың 15 мамырынан бастап облыс орталығында Отбасын қолдау орталығы жұмысын бастады. Жаңа мекеме қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға кешенді қолдау көрсетеді. Негізгі мақсат - мәселені дер кезінде анықтап, отбасылардың дағдарыс жағдайынан шығуына ықпал ету.

Орталықтың ашылуы - отбасы институтын нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Бұл жерде түрлі мемлекеттік органдар мен салалық мамандардың өзара іс-қимылы бір алаңға тоғыстырылған.

«Жезқазған қаласының Отбасын қолдау орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға кешенді көмек көрсетеді. Мұнда психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік қолдау мен профилактикалық жұмыстар жүргізілмек. Біз құқық қорғау органдарымен және басқа да мекемелермен бірлесіп жұмыс істейміз. Негізгі мақсатымыз – әр азаматтың өзін қауіпсіз сезінуіне, өз құқығын біліп, қажетті көмекті дер кезінде алуына жағдай жасау»

— Наталья Шепель, Жезқазған қаласының Отбасын қолдау орталығының директоры

Орталық қызметінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау басым бағыттардың бірі. Бұл жұмыстардың тиімділігі құқық қорғау органдарымен үйлесімді өзара іс-қимыл арқылы қамтамасыз етіледі.

Орталық жұмысын бастағалы бері 58 өтініш түскен. Басым бөлігі бойынша консультациялық көмек көрсетілсе, басқа жағдайда түрлі сала мамандары жұмылдырылып, кешенді қолдау ұйымдастырылды. Оның екеуі тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты болды. Осы уақыт ішінде 27 азамат психологиялық, 11 адам заңгерлік және 22 тұрғын әлеуметтік қолдау алған.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты