Жаңалықтар

ӨЗІН ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАРҒА ЖАҢА САЛЫҚ РЕЖИМІ ЕНГІЗІЛДІ

ӨЗІН ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАРҒА ЖАҢА САЛЫҚ РЕЖИМІ ЕНГІЗІЛДІ

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жаңа арнайы салық режимі қолданысқа енгізілді. Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, жаңа тәртіп азаматтардың қызметін заңдастыруды жеңілдетіп, оларды әлеуметтік, медициналық және зейнетақы жүйесіне тартуға мүмкіндік береді.

Арнайы салық режимі тек өз қызметін дербес жүзеге асыратын азаматтарға арналған. Оны пайдалану үшін ай сайынғы табыс көлемі 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл - 1 миллион 297 мың 500 теңге. Сонымен қатар, режим бойынша жалдамалы қызметкерлерді жұмысқа алуға болмайды. Ал жаңа тәртіпті қолдану Салық кодексінің 715 және 718-баптарымен реттеледі. Сондай-ақ бұл режимнің тағы бір ерекшелігі - салық есептілігін тапсыру талап етілмейді. Барлық есептеу e-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

Қызметті бастау үшін азамат электрондық цифрлық қолтаңба арқылы e-Salyq Business қосымшасына тіркеліп, рұқсат етілген 40 қызмет түрінің бірін таңдауы қажет. Әрбір төлемнен кейін электрондық чек қалыптастырылып, кәсіпкерлік қызмет үшін жеке банктік шот пайдаланылуы тиіс. Салықтар мен әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептеліп, келесі айдың 25-күніне дейін төленеді. Ал табыс болмаған айларда бұл режим қолданылмайды және әлеуметтік төлемдер есептелмейді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты