«PINK RUN» ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН

Жезқазғанда әйелдер денсаулығын қорғауға және онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған «Pink Run» акциясы өтті. «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты - сүт безі обырының алдын алу, дертті ерте анықтау және онкологиялық аурумен күресіп жүрген әйелдерге қолдау көрсету.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған іс-шараға өңірдегі медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар үш шақырымға дейінгі қашықтыққа жаяу жүгіріп, ортақ бастамаға үн қосты. Акция барысында аурудың алдын алу мен медициналық тексеруден уақытылы өтудің маңызы насихатталды.
Марафоншылардың айтуынша, бұл шара - тек спорттық сайыс емес, әйелдерге қолдау білдіріп, қоғам назарын олардың денсаулығына аударуға бағытталған маңызды бастама. Қатысушылар әр әйелдің өз денсаулығына көңіл бөліп, уақытылы тексерілуіне ықпал етеді деп сенеді.
Айта кетейік, мамандар сүт безі обыры ерте анықталса, оны 95-98 пайыз жағдайда толық емдеуге мүмкіндік бар екенін айтады. Сондықтан 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерге екі жылда бір рет тегін маммологиялық скринингтен өту ұсынылады. Ал республикалық айлық аясында өңірде алдағы уақытта ашық есік күндері ұйымдастырылып, әйелдерге тегін медициналық көмек көрсету жоспарланған.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


