ПОЭЗИЯ БӘЙГЕСІНІҢ БАСТЫ ЖҮЛДЕСІ МУЗЕЙ ТӨРІНДЕ!

«Мөлдір өлең» ұлттық поэзия жобасының тұңғыш жеңімпаздарына берілген өлеңнің «Гауһар тәжі» - облыстық тарихи-археологиялық музей төрінен орын алды.
Қазақстан Жазушылар одағы мен ақын Мөлдір Айтбайдың бастамасымен тұңғыш рет өткен жобаға еліміздің 20 өңірінен 60 ақын қатысқан. Төрт айға созылған додаданың іріктеу кезеңдерінен іркілмей өткен Ұлытау облысының командасы - ақтық сында да тұғыр биігінен көрінді. Осылайша, өңір ақындары жобаның алғашқы жеңімпазы атанды.
Бұл жеңіс – өңір қаламгерлерінің шығармашылық қарым-қабілетін танытып, ұлттық сөз өнерінің мерейін асқақтатқан айтулы жетістік. Әдебиет жанашырлары бас қосқан жиында - жеңіс нышаны саналатын поэзия тәжі музей экспозициясына салтанатты жағдайда қойылды.
100 грамм алтыннан жасалып, гауһар таспен көмкерілген бірегей марапат енді музей келушілерінің назарына ұсынылады. Оның басты құндылығы - бағалы металдар мен асыл тастарында ғана емес, ақындардың табанды еңбегінде. Ұлытау қаламгерлерінің тарихи жеңісін айшықтайтын бұл жәдігер өңірдің рухани шежіресінен орын алды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


