Жаңалықтар

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін елімізде Қазақстан Республикасы полициясы күні аталып өтілуде. Кәсіби мерекеге орай облыс орталығында салтанатты жиын өтіп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қалтқысыз еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді.

Ұлытау облысы құрылғаннан бері өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 28,4 миллиард теңге бөлінген. Салтанатты жиында облыс әкімі Дастан Рыспеков мереке иелері арнайы құттықтап, олардың қоғамдағы қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ мереке аясында облыстық полиция департаментінің жеке құрамына жаңа қызметтік автокөліктер кілті табысталды.

«0087 / Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыруға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Өйткені қауіпсіз қоғам - мемлекеттің тұрақты дамуының басты кепілі.Сіздер күн-түн демей, ыстық пен аязға қарамастан, азаматтардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. Қоғамдағы тәртіп пен заңның үстемдігін сақтап, әрбір тұрғынның бейбіт өмір сүруіне жағдай жасау-сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің айқын көрінісі. Құрметті полиция қызметкерлері! Сіздерге ел игілігі жолындағы адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әрдайым абырой биігінен көрініп, халық сенімін ақтай беріңіздер»

— Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі

Шара барысында қызметтік міндетін мінсіз атқарып, жоғары нәтижелер көрсеткен бірқатар полиция қызметкері Ұлытау облысының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, ведомстволық наградалар мен мерейтойлық марапаттар да берілді.

Мерекелік жиын барысында қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына тағзым жасалды. Жиналғандар олардың жарқын бейнесін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кәсіби мереке - ел қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген жандарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты