Жаңалықтар

ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНДЕ ТІРКЕУДЕГІ АЗАМАТТАРДЫ ҚОҒАМҒА ҚАЙТА БЕЙІМДЕУГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР

ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНДЕ ТІРКЕУДЕГІ АЗАМАТТАРДЫ ҚОҒАМҒА ҚАЙТА БЕЙІМДЕУГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР

Облыс орталығында «Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды кешенді оңалту» жобасы аясында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Шараны «Ұлытау жастары» қоғамдық бірлестігі өткізді.

«Пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларды қайта әлеуметтендірудің заманауи тәсілдері» тақырыбында өткен кездесуге полиция, пробация қызметі, отбасын қолдау орталығы және жұмыспен қамту бөлімдерінің мамандары қатысты. Қатысушылар пробациядағы азаматтарды қоғамға қайта бейімдеудің нақты тәжірибелік жолдарымен танысып, әр адамға жеке жоспар құру, кәсіби дағдыларды дамыту, құқықтық білім беру және жұмысқа орналастыру сияқты негізгі бағыттарды меңгерді.

«Семинардың негізгі мақсаты – пробациядағы азаматтармен жұмыс істеудің тиімді жолдарын табу. Біз әр мекеменің жұмысын біріктіріп, оларды қоғамға қайта бейімдеу процесін жүйелі жүргізуді көздейміз. Бұл – қоғамдағы қауіпсіздікті күшейтіп, азаматтардың қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді»

— Құрмет Саттыбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

Семинар барысындаазаматтарға өмірлік дағдыларды дамыту, мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану және қоғамға тез бейімделу бойынша нақты практикалық кеңестер ұсынылды.

«Қазақстанда 2016 жылдан бері пробация туралы заң жұмыс істейді. Оның мақсаты – қоғамдағы қауіпсіздікті арттырып, өмірде қателік жіберген азаматтарды қайта қоғамға бейімдеу. Бүгін біз әлеуметтік және құқықтық қолдау жолдарын талқылап, мамандарға азаматтармен дұрыс жұмыс істеу тәсілдерін үйретеміз. Атап айтқанда, адамдармен қарым-қатынас орнату, дұрыс сұрақ қою, әр адамға жеке бейімдеу жоспарын жасау дағдылары қарастырылады. Сонымен қатар, Жезқазған мен Ұлытау өңірінде тәжірибе алмасып, әріптестік байланысты күшейту жолдары талқыланады»

— Махаббат Еспенова, «КАМЕДА» ҚҚ атқарушы директоры

Мұндай іс-шаралар Ұлытау өңірінде пробациядағы азаматтардың қоғамға толыққанды қосылуына және қауіпсіз әрі тұрақты өмір сүруіне септігін тигізбек.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты