Жаңалықтар

ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ

ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ

Бүгін Жезқазған қалалық мәслихатының кезектен тыс 42 ші сессиясы өтті. Онда күн тәртібіне үш негізгі мәселе шығарылды.

Сессия жұмысын қалалық мәслихат төрағасы Раушан Қапарова ашып, жүргізді. Жиынға қала әкімі Қайрат Шайжанов, әкім орынбасарлары, мәслихат депутаттары, сондай-ақ тиісті мекеме мен бөлім басшылары қатысты. Алдымен негізгі назар әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына енгізілетін өзгерістерге аударылды. Жаңа түзетулерге сәйкес, әлеуметтік көмектің бұрын қарастырылған төрт түрінің екеуі сақталып отыр. Атап айтқанда, табиғи апат немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтарға берілетін төлем, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын азаматтарға, оның ішінде онкологиялық, туберкулез және иммун тапшылығы диагнозы бар науқастарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлері жалғасады.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе - тұрғын үй сертификаттарын беру тәртібі. ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің жаңа қағидаларына сәйкес, тұрғын үй сертификаты қарыз сомасының 10 пайызын құрайды. Алайда оның ең жоғарғы мөлшері 1 миллион 500 мың теңгеден аспайды. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар әлеуметтік осал топтар санатына жататын азаматтар.

«0547 Сіздердің назарларыңызға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларының күшін жоюына байланысты, 2025 жылғы 30 мамырдағы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларын бекіту туралы №187 бұйрығына сәйкес, тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы шешім жобасын қабылдауларыңызды сұраймын»

— Ақтолқын Айтбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы

Сонымен қатар, Жезқазған қалалық мәслихаты аппараты туралы ережеге өзгерістер енгізу жөніндегі шешім жобасы да қаралды. Бұл өзгерістер мекеменің құрылымдық және нормативтік талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сессия барысында қаралған барлық мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты