ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК

Жезқазғанда Мұғалімдер күніне орай «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты тағылымды кездесу өтті. Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында өткен іс-шараға талай жылын бала тәрбиесі мен білім беру ісіне арнаған ардагер ұстаздар және олардың кәсіби жолын енді жалғап келе жатқан жас мамандар жиналды. Басқосуда ұстаз еңбегін ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға басымдық берілді.
Ұлытау облысының әдістемелік орталығы мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараның негізгі мақсаты – ардагер ұстаздардың жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін жас мамандарға жеткізу. Кездесуде ұстаз еңбегі ұлықталып, аға буынның өнегесі мен тағылымы ортаға салынды. Мереке аясында бірқатар педагогке Алғыс хаттар табысталып, құрмет көрсетілді.
Іс-шараның негізгі бөлігін тәжірибе алмасуға арналған тренингтер жалғастырды. «Ұстазға бір сөз» жаттығуында қатысушылар ұстаз ұғымын өз пайымымен жеткізсе, «Тәжірибе мен жаңашылдық» тренингінде ардагерлер мен жас мамандар кәсіби ой бөлісті. Ал «Кілт пен құлып» жаттығуы аға буын тәжірибесін жас мамандардың ізденісімен сабақтастыруға арналды.
Кездесу соңы мерекелік бағдарламаға ұласты. Педагогтер «Әуенде ұрпақ тоғысады» караоке-батлында ән шырқап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал кештің нүктесі көпшілік болып орындалған «Ұстазым» әнімен қойылды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


