ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ

Қарттар күніне орай облыс әкімі Есет Байкен Жезқазғандағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, мекеме тұрғындарын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, өңір басшысына орталықтың жұмыс барысы мен ондағы қарияларға көрсетіліп отырған қолдау шаралары таныстырылды.
Кездесуде облыс әкімі аға буын өкілдеріне ақжарма тілегін жеткізіп, олардың елдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен кейінгі буынға қалдырған өнегесін атап өтті. Қарияларға құрмет көрсеткен Есет Байкен орталық тұрғындарына Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» кітабын табыстады.
Бүгінде аумағы 5 мың шаршы метрден асатын орталықта 206 егде жастағы азамат тұрады. Мұнда тұрғындарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және басқа да қажетті қызмет түрлері көрсетіледі. Өңір басшысы мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысып, ғимаратта алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын айтты. Бұл ретте басты назар - орталық тұрғындарына жасалған жағдайды одан әрі жақсартуға бағытталмақ.
Аға буынға көрсетілетін қолдау мұнымен шектелмейді. Келер жылдан бастап өңірде алғаш рет Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылмақ. Мұнда қариялар бос уақытын тиімді өткізіп, қоғамдық өмірге белсене араласуға мүмкіндік алады. Ал бұл мерекелік кездесу үлкенге құрмет, ұрпаққа өнеге ұғымдарының мәнін тағы бір мәрте айшықтады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


