Жаңалықтар

ҚАУІПСІЗ ӨНІМДІ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ

ҚАУІПСІЗ ӨНІМДІ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ

Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі - халық денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі. Күн сайын сатып алатын азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігі өзіміздің таңдауымызға да байланысты. Сондықтан әрбір тұтынушы өнімді дұрыс таңдап, өз құқығын білуі қажет.

Елімізде тағам өнімдерінің қауіпсіздігі тұрақты бақылауда. Мамандар өнімдердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеріп, қажет болған жағдайда зертханалық сараптама жүргізеді. Ал талапқа сай келмейтін өнімдер сауда айналымынан алынып, кері қайтарылады. Сондықтан өнімді сатып аларда қаптамадағы мәліметтерге назар аударған жөн. Онда өнімнің атауы, құрамы, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, өндіруші туралы ақпарат және «EAC» сәйкестік белгісі көрсетілуі тиіс. Бұл белгі өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың қауіпсіздік талаптарына сай екенін білдіреді.

Сәйкессіз өнімдер табылғаннан кейін олардың қайдан жеткізілгені анықталып, тиісті тексерулер жүргізіледі.Заң талаптарына сәйкес қажетті шаралар қабылданады. Мамандар азық-түлік өнімдерін тек ресми сауда орындарынан сатып алуға кеңес береді. Өйткені мұнда өнімді сақтау және өткізу талаптарының сақталуына тұрақты бақылау жүргізіледі. Ал рұқсат етілмеген сауда орындарында сатылатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік жоқ.

Егер сатып алынған өнімнің сапасы немесе қауіпсіздігіне күмән туындаса, тұтынушылар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жүгіне алады. Әрбір өтініш заңнамаға сәйкес қаралып, қажет болған жағдайда тексеру жүргізіледі.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты