Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ АТАСЫ

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ АТАСЫ

Қаныш Сәтбаев – Қарсақбай қойнауында мыстың мол қоры бар екенін дәлелдеп, өңірдің болашағын дәл болжаған данышпан ғалым. Кейін бұл өңір Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағына айналды. Ғалымның мұрасы мен ел ғылымына сіңірген өлшеусіз еңбегін дәріптеу мақсатында кентте «Қаныш Сәтбаев Қазақ ғылымының бастауында» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Биыл Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жас маман ретінде Ұлытау аймағына келіп, Қарсақбай кен орнында алғашқы еңбек жолын бастағанына 100 жыл толып отыр. Қаныш әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының бірі Қарсақбайда екенін дәлелдеу үшін аттай 15 жылын осы жерде өткізген. Осылайша ол аймақтың бай қазыналы өлке екенін дәледеп шықты. Кездесуге қатысқан аудандық мәслихат төрағасы, еңбек ардагерлері ұлы тұлғаның осындай ерен еңбектері жайында әңгіме өрбітті.

Кездесуге зиялы қауым өкілдерімен қатар жергілікті тұрғындар, зауыт еңбеккерлері, мектеп ұстаздары мен оқушылар жиналды. Шара барысында Қаныш Сәтбаевтың геолог-ғалым ғана емес, сегіз қырлы, бір сырлы тұлға екені айтылды. Ол әдебиет, музыка, заң, металлургия, химия мен математика салаларында да еңбек еткен. Небәрі 20 жасында Киселевтің «Алгебра» оқулығын қазақ тіліне аударған. Бұл – оның тұңғыш ғылыми еңбегі еді.

Сондай-ақ қатысушылар Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми жолына арналған көрмені тамашалап, құнды деректермен танысты.

Шара соңында Қаныш Сәтбаевтың сүйіп тыңдаған және орындаған әндерін жергілікті өнерпаздар паш етті. Осылайша тағылымды кездесу ұлы ғалымның рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын жас ұрпаққа дәріптеумен түйінделді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты