«ҚАЗАҚМЫС КОРПОРАЦИЯСЫ» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРҒА 26 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛДІ

Ұлытау облысында өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сәйкесінше, инвестициялық белсенділік артып, экономиканы дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамалар қарқын алған. Бұл жөнінде - Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың бүгін облысқа жасаған жұмыс сапарында кеңінен айтылды. Министр - «Қазақмыс» компаниялар тобының акционері Нұрлан Артықбаевпен бірге өңірдегі негізгі өндірістік нысандарды аралап, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты. КАДРДАН ТЫС:Сапардың алғашқы нысаны - Жезқазған мыс балқыту зауыты. Делегация мүшелеріне өндірістің негізгі технологиялық кезеңдері таныстырылып, кәсіпорынның бүгінгі қызметі мен өндірістік көрсеткіштері туралы ақпарат берілді.Жезқазған мыс балқыту зауыты катодты мыс өндіреді. Кәсіпорын құрамына мыс балқыту, мыс электролиттік және күкірт қышқылы өндірістері кіреді. Зауыттың жылдық жобалық қуаты – 170 мың тонна катодты мыс. Бұл көрсеткіш оны еліміздің түсті металлургия саласындағы стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардың қатарына қосады. Бұдан кейін жұмыс тобы Жезқазған байыту фабрикасына барды. Қазір мұнда өндіріс үдерістерін жаңғырту жұмысы жалғасуда.
Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында жасалған меморандум аясында жалпы құны 26 миллиард теңгені құрайтын әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда.Олардың қатарында Жезқазғандағы «Жастар» саябағын қайта жаңғырту, Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрын күрделі жөндеуден өткізу, жаңа мешіт салу және Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандыру жұмыстары бар.
Алдағы уақытта Ұлытау облысында жаңа тоқыма фабрикасын іске қосу, Сәтбаев қаласындағы индустриялық аймақты дамыту және шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өңір экономикасының одан әрі дамуына серпін беріп, жаңа инвестициялар мен қосымша жұмыс орындарының ашылуына жол ашпақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


