Жаңалықтар

ҚР СУДЬЯЛАР ОДАҒЫНА 30 ЖЫЛ

ҚР СУДЬЯЛАР ОДАҒЫНА 30 ЖЫЛ

Биыл Қазақстан Республикасы Судьялар одағының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Айтулы мерейтойға орай Жезқазған қаласының әкімдігінде салтанатты жиын ұйымдастырылып, құқық пен заң саласының дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді.

Бүгінде Судьялар одағы - судьялар құрамын біріктіретін, кәсіби қауымдастықты нығайтуға бағытталған беделді ұйым. Оның негізгі міндеттері - сот жүйесінің ашықтығын арттыру, қоғам сенімін күшейту және елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ету.Салтанатты шарада Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов құттықтау сөз сөйлеп, ұйымның сот жүйесін дамыту мен құқықтық мәдениетті нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Іс-шара барысында сот саласының ардагері Сәрсен Сағатов құрметті еңбек демалысына шығуына орай қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ол сот жүйесінде 21 жыл еңбек етіп, өз ісінің білікті маманы ретінде танылған. Сонымен қатар, жиын аясында сот қызметкерлері мен билер кеңесінің өкілдеріне Жезқазған қаласының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Айта кету керек, Ұлытау облысында 2024 жылы құрылған Билер кеңесі бүгінде қоғамдағы даулы мәселелерді реттеуде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Кеңес мүшелері азаматтар арасындағы келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей, өзара келісімге келтіруге ықпал етуде. Бұл өңірде бітімгершілік мәдениетті қалыптастырып, әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға мүмкіндік беруде. Осы бағытта Ұлытау облысының аға биі Дүйсенбек Сарбасов та ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайту жолында жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Жалпы, 30 жыл ішінде сот төрелігінің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Сала мамандарының айтуынша, бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, қоғамдағы әділдік пен сенімді нығайта түспек.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты