Жаңалықтар

«ҚУАТТЫ ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМ – ҚУАТТЫ ӨҢІР»

«ҚУАТТЫ ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМ – ҚУАТТЫ ӨҢІР»

«Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір!» Осындай атаумен ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының Ұлытау облысындағы көшпелі отырысы өтті. Еліміздің ғылым саласындағы минералдық-шикізат базасын толықтырудағы рөліне арналған ауқымды жиынға «Қазақмыс Барлау» компаниясы ұйытқы болуда...

Ғылым академиясының көшпелі отырысы өңірде жаңадан бой көтерген Геологиялық кластер базасында өтті. Өндіріс саласындағы маңызды жиынға - Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, орталық мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар, сондай-ақ «Қазақмыс Барлау» компониясының мамандары қатысты. Ілкімді шара облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевтың алғысөзімен ашылды.

«(Ұлытау өңірі – еліміздің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары аймақтарының бірі. Сондықтан ғылыми зерттеулердің өңір қажеттілігімен ұштасуы, ғалымдар мен өндіріс орындары арасындағы байланыстың күшеюі – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Бүгінгі көшпелі отырыста қаралатын мәселелердің барлығы өңір болашағы үшін өзекті!)»

— Нұртас Кәріпбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары

Көшпелі отырыс аясында аймақтың минералдық-шикізат әлеуетін дамыту, геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру, заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні геология саласына енгізу сынды мәселелер кеңінен талқыланды. Кадр даярлау және халықаралық ынтымақтастық бағыттарына айрықша серпін берілмек. Бұл ретте - Жезқазған қаласында сапалы біліммен қамтамасыз ететін техникалық университ ашу жұмыстары да жүйелі жолға қойғандығы айтылды.

«(Жезқазған техникалық универститеті құрылып жатыр. Бұл жөнінде біздің Президентіміз де айтқан. Бұл – екі іргелі университетпен бірлесе және қолдауымен қолға алынуда.)»

— Қадыржан Қаулдашев, «Kazakhmys Barlau» ЖШС атқарушы директоры

Биыл Қаныш Сәтбаевтың қара шаңырақ Қарсақбай даласында тұңғыш геологиялық барлау жұмыстарын жүргізгеніне 100 жыл және академиктің өзі құрған Қазақстан Ұлттық ғылым академиясына 80 жыл. Көшпелі отырыста аталған мерейлі белестер де тілге тиек етілді.

«(Осыдан 65 жыл бұрын 1961 жылы Қаныш Сәтбаев Жезқазған қаласында Ғылым академиясының көшпелі сессиясын өткізген. Ондағы негізгі мәселе Жезқазған өңірінің дамуы. Біз тарихтан білеміз, көп жылдар бойы Жезқазған Мыс балқыту зауытының салыну, салынбауы дау боп тұратын. Сол 1961 жылғы сессиядан кейін Жезқазған өңірі қарқынды дамыды деп айтуға болады. Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысының Жезқазғанда өтуі, мені осы қаланың байырғы тұрғыны ретінде қатты қуантады.)»

— Төлеген Бүкіров, Қазақстанның Құрметті металлургі

Жиында ұсынылған ұтымды бастамалар мен геологиялық барлауды жаңғырту негізіндегі жобаларды – «Қазақмыс барлау» компаниясы назарға алмақ. Айта кетейік, көшпелі отырыс ертең облыс әкімдігінде ғылым мен өндірістің өзара іс-қимылын күшейтуді көздеген шешімдер қабылданатын алқалы жиынмен жалғасын табады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты