ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ДЕБАТ ОЙЫНЫ

Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында облыстық полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы мен Білім басқармасының бірлесе қолдауымен дебат ойыны ұйымдастырылды. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткен іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және олардың сыни әрі дәлелді ойлау қабілетін дамытуға бағытталды.
«Қатаң заң ба, әлде тәрбие ме - қайсысы маңызды?» деген тақырып аясында өткен дебат тартысты пікірталас алаңына айналды. Ойын барысында әр фракциядан үш спикер белгіленген регламентке сай өз ұстанымдарын қорғады. «Abai bol» фракциясы қоғамдағы құқықтық тәртіптің сақталуы мен заң үстемдігін күшейтудің маңызын алға тартса, «Qara soz» фракциясы жеке тұлғаны қалыптастырудағы тәрбиенің шешуші рөліне басымдық берді.
Пікірсайыс барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, логикалық ойлау қабілетін және шешендік өнердің шеберлігін көрсете білді. Тартысты өткен дебат қорытындысы бойынша «Abai bol» фракциясы жеңімпаз атанды.
Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта өңірдің өзге білім беру ұйымдарында да жүйелі жалғасын таппақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


