ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫ

Мамыр айының 27 ші жұлдызы, яғни сәрсенбінің сәтті күнінде - мұсылман қауымы қасиетті Құрбан айт мейрамын қарсы алды...
Құрбан айттың - Ислам дінінде алар орны зор маңызға ие. Аталған ұлық мейрамда жезқазғандық жамағат таң сәріден «Ахмет Ишан Оразайұлы» атындағы орталық мешітке жиналып айт намазын оқыды.
Иә, мұсылман баласы үшін мәні тереңдегі мерекеде сәждеге бас қойып, жамағатпен жарыса намазға сапқа тұрған халықтың қарасы қалың болды. Мейрам кейінгі жылдары ұлттық негізде сипат алуда...
Ораза айт өткесін 70 күннен соң басталатын мерекеде жұртшылық бірін-бірі мейраммен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Айт намазынан кейін жылдағы дәстүрге сай ұлттық спорт түрлері салтанат құрды. Атап айтар болсақ: қол күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру және таяқ тарту сынды сайыс түрлері ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйақымен марапатталды. Айта кетейік, Құрбан айт мейрамы 29 шы мамырға дейін жалғасады.
Мұқағали Сейтқазы, Айдос Өмірбекұлы, «Ұлытау» телеарнасы
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


