Жаңалықтар

«ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ ҰЛТ ТӘРБИЕСІ»

«ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ   ҰЛТ ТӘРБИЕСІ»

Жезқазған қаласында AMANAT партиясының Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі» тақырыбында кездесу өтті. Шараға партия өкілдері, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау мамандары, қоғамдық ұйым жетекшілері мен студенттер қатысып, қыз балалардың тәрбиесі және олардың қоғамдағы орны жайлы пікір алмасты.

Қыз бала тәрбиесі ұлт тәрбиесінің өзегі. Халқымызда ұрпағыңды тәрбиелегің келсе ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды тәрбиелегің келсе қызыңды тәрбиеле деген сөз бар. Бұл сөз қыз баланың тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның айнасы екенін білдіреді.Сондықтан қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, ерте жүктілік пен жыныстық қолсұғушылықтың алдын алу мәселелерін жан-жақты қарастыру аса маңызды. Бүгінгі кездесуде осы өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасып, сондай-ақ сталкинг пен лудоманияның қоғамға және жасөспірімдерге тигізетін кері әсері де сөз болды.

Шара барысында ұлттық тәрбие мен заманауи көзқарасты үйлестіру, отбасы институтын нығайту, әйелдер денсаулығы мен психологиялық қолдауды жетілдіру жолдары да талқыланды. Сондай-ақ жастар арасындағы құқықбұзушылықтарды болдырмау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және заң мен тәртіпті насихаттау бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу ашық форматта өтіп, шара соңында студенттер өз сұрақтары мен ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай тағылымды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты