ҚЫЗЫЛША ДЕРТІ ДЕНДЕП БАРАДЫ

Өкінішке қарай, өңірде қызылша дертіне шалдығушылар саны азаймай тұр. 2026 жылдың басынан бері зертханалық жолмен расталған 66 жағдай тіркелген. Статистикаға сәйкес, науқастардың 93,9 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар.
Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің мамандары хабарлады.
Қызылшамен ауырған балалардың 90 пайыздан астамы екпе алмаған. Қазіргі таңда облыс бойынша сырқаттанушылыққа күнделікті мониторинг жүргізіліп, жағдайға эпидемиологиялық зерттеу жасалуда.Білім беру ұйымдарында балалардың денсаулығына бақылау күшейтіліп, балабақшаларда таңертеңгі сүзгі ұйымдастырылған. Қызылша жағдайы тіркелген кезде екпе алмаған балалар уақытша оқудан шеттетіледі. Дәрігерлердің айтуынша, қызылшаға қарсы арнайы дәрі жоқ, ал аурудан қорғанудың ең тиімді жолы - вакцинация.
Облыста қызылшаға қарсы қосымша иммундаумен 2556 адам қамтылған, бұл жоспарланған меженің 95 пайызы. Мамандар вакцинация баланы тек қорғау үшін емес, қоғамдық иммунитетті сақтау үшін де маңызды дейді. Сонымен қатар қолды жиі жуу мен бөлмелерді желдету сынды қарапайым қағидаттарды да естен шығармаған жөн.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


