Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА

Республика күніне арналған салтанатты шара! Облыс орталығында өткен жиында - өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар құрмет биігіне көтерілді. Сондай-ақ, ел игілігі жолындағы еңбегімен танылған, кәсіби біліктілігі мен азаматтық жауапкершілігін ісімен дәлелдеген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздікке қарай жасаған тарихи қадамына жол ашылды. Бүгінде Республика күні - мемлекеттілігімізді ұлықтап, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін дәріптейтін айрықша мереке. Осыған орай өткен салтанатты жиында облыс әкімі Есет Байкен жиналған қауымды мерекемен құттықтап, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыстады.

Марапатталғандардың қатарында өндіріс пен мемлекеттік қызметтің, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларының майталмандары бар. Олардың қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі - өңір дамуына қосылған елеулі үлес. Солардың бірі - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мәдениет саласының ардагері, дәстүрлі әнші Серік Оспан. Ұлттық өнерді ұлықтап, қазақтың дәстүрлі ән мұрасын насихаттауға сіңірген көп жылғы еңбегі үшін ол «Парасат» орденімен марапатталды.

Бұдан бөлек, салтанатты шарада «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табыс етілді. Сондай-ақ көпбалалы аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанды. Марапатталушылар – төккен тер мен еткен еңбектің еленгеніне ризашылықтарын жеткізді.

Салтанатты шара мерекелік көңіл күйді еселей түскен ән шашуға ұласты. Кеш қонағы ретінде Қазақстан эстрадасының танымал өкілі Досымжан Таңатаров өнер көрсетіп, көпшілікке әсем әндерін тарту етті. Ал мемлекеттік наградалар ел игілігі жолындағы адал еңбекке берілген лайықты баға болса, марапат иелерінің өнегелі жолы - кейінгі ұрпаққа үлгі.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты