РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ 52 ПӘТЕРДІҢ КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Өңірде тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда. Аталған бағытта Бүгін қанаттас қос қала Жезқазған мен Сәтбаев шаһарында 52 пәтердің кілті табысталды. Республика күні қарсаңында өткен іс-шарада жаңа қоныс иелерін облыс әкімі Есет Байкен арнайы құттықтады.
Жезқазған қаласында Алаша хан даңғылы, 62/1 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнда 43 пәтердің кілті иелеріне табысталды. Жаңа баспанаға көпбалалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және әлеуметтік осал топтағы азаматтар ие болды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Есет Байкен тұрғындарды құттықтап, жаңа шаңырақтарға береке мен бақ-дәулет тіледі.
Өңірде тұрғын үйге деген сұранысты өтеу үшін тек дайын баспананы үлестірумен шектелмей, жаңа тұрғын үй кешендерін салуға да басымдық берілмек. Бұл бағытта құрылыс салушыларды қолдап, нарықтағы белсенділікті арттыруға арналған арнайы жаңа бағдарлама қарастырылуда.
Бүгінгі шараның басты кейіпкерлері - көптен күткен баспанасына қол жеткізген отбасылар. Солардың бірі - үш баланың анасы Аягөз Малыбаева.
«4255 / Көпбалалы анамын. 3ші балам ерекше бала.Сол ерекше баламмен кезекте тұрғын үйге тұрғанмын. Сол бүгін қуанышты күн мен үшін. Баспаналы болып жатырмын. Әрдайым барлық аналарға, көп балалы аналарға осындай баспана жұғысты болсын. Рахмет барлықтарыңызға!»
— Аягөз Малыбаева, жаңа баспана иесі
Сәтбаев қаласында да тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілттері табысталды. Кеншілер шаһарында 9 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал жыл соңына дейін тағы 9 пәтер беру жоспарланып отыр.
Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Банк филиалының мәліметінше, бұған дейін қалада жалдамалы және несиелік тұрғын үй бағдарламалары арқылы да пәтерлер берілген. Бүгінгі рәсім – осы бағыттағы жұмыстың жалғасы.
Жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындар - қуаныштарын бөлісіп, қолдау көрсеткен азаматтарға алғыстарын білдірді.
Жезқазған мен Сәтбаевта табысталған 52 пәтер баспанаға мұқтаж отбасыларға айрықша мерекелік көңіл күй сыйлады. Алдағы уақытта тұрғын үй бағдарламалары мен құрылыс жұмыстарының жалғасуы өңір тұрғындарын баспанамен қамтуға және олардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етпек.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


