РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕСІ

7 қаңтар күні жезқазғандық провослав христиандар Рождество мерекесін атап өтті. Олар Иса пайғамбардың туған күнінде шіркеуге барып, діни жоралғыларды жасайды. Бұл православ христиандар үшін басты діни мейрам болып саналады.
Дәстүр бойынша 6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні барлық православ шіркеулерінде Рождествоға арналған салтанатты діни рәсімдер өтті. Жиналған жамағат шырақ жағып, құлшылық етеді. Шара барысында жиналғандарды Ұлытау облыстық Дін істері басқармасының басшысы Дулат Төлегенов құттықтап, еліміздегі конфессияаралық татулықтың, рухани құндылықтар мен діни дәстүрлерге құрметтің қоғамдағы бейбітшілік пен бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Облыс әкімдігі атынан баршаңызды Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке сіздердің шаңырақтарыңызды жылулыққа, мейірім мен сүйіспеншілікке бөлесін. Сіздерге және жақындарыңызға махаббат, татулық пен амандық тілеймін. Мерекелеріңізбен!»
— Дулат Тулегенов, облыстық дін істері басқармасының басшысы
Рождество мейрамында шіркеуге жиналған христиан дінінің өкілдері бір-бірін мерекелерімен құттықтап, ел-жұртқа амандық тілесті. Екі мың жылдық тарихы бар бұл мейрам бүгінде тек діни ғана емес, сонымен қатар отбасы мен жақын жандарды біріктіретін айтулы күнге айналған.
«Барша православ христиандарды және барлық тұрғындарды Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – жүрекке жылу ұялататын, жанды тыныштыққа бөлейтін ерекше мейрам. Әр адамның жүрегінде сүйіспеншілік және мейірім болсын. Ең бастысы – жер бетінде тыныштық орнап, бір-бірімізге деген құрмет пен махаббат арта берсін»
— Людмила Кривошеева, қала тұрғыны
«Бұл мейрамда жоғары адамгершілік қасиеттер кеңінен дәріптеледі, ізгілік пен әділдікті орнықтыра түсуге баса мән беріледі.Баршаңызға зор денсаулық және бақ-береке тілеймін!»
— Антонина Батаева, қала тұрғыны
Бұл діни мерекені Қазақстанмен қатар дүние жүзінің 100 ден аса мемлекетінде атап өтеді.Тұрғындар осы күні бір-біріне сыйлық ұсынып, мұқтаж жандарға көмектесуге асығады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


