РУХАНИ КЕЛІСІМ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ

Сәтбаев қаласында - Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Рухани келісім күніне» арналған мерекелік іс шара өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған кешке - өңірдегі түрлі этнос өкілдері мен діни бірлестіктердің мүшелері қатысты…
Рухани келісім күні – түрлі этнос пен дін өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегіне тоғыстыратын маңызды мереке. Шараның басты мақсаты – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтып, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты үлгі ету.
«Біз бір жерге жиналып, бір-бірімізге жылы лебізімізді білдіріп, алғыс айтқанда, арамыздағы сыйластық пен бірліктің қаншалықты маңызды екенін сезінеміз. Қасиетті Ұлытау жерінде, Қазақстанда әр адам өз ұлтының тілі мен дәстүрін сақтай отырып, өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүре алады. Бір-бірімізді көрші, дос ретінде қабылдап, сыйластықта өмір сүріп жатқанымызға өте қуаныштымын. Осы үшін әрқайсыңызға, барша қазақстандықтарға мың алғыс айтқым келеді»
— Дмитрий Полтаренко, Ұлытау облысы діни бірлестіктер клубының модераторы
Мерекелік кеште көрермен назарына мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды. Шараға жиналған қауым дәстүр мен тағылымға толы кештің куәсі болды.
Рухани келісім күніне арналған мұндай шаралар өңірдегі ұлтаралық және конфессияаралық татулықты тереңдетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, түрлі мәдениет пен сенім өкілдерінің өзара байланысын арттырып, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға үндейді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осы бағыттағы мәдени іс-шараларды жалғастыруды көздейді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


