САЛЫҚ БЕРЕШЕГІ БОЙЫНША ШАРАЛАР КҮШЕЙЕДІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2026 жылғы Салық кодексіне енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Енді салық қарызы белгіленген шектен асқан жағдайда қолданылатын шаралар кезең-кезеңімен күшейеді. Жаңа ережелер заңды тұлғаларға, олардың бөлімшелеріне, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компанияларға, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын азаматтарға қатысты.Егер берешек 20 айлық есептік көрсеткіштен - 86 мың 500 теңгеден асса, салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады, ал шоттағы қаражат есебінен берешек өндіріп алынады. Ал егер қарыз 45 айлық есептік көрсеткіштен - 194 мың 625 теңгеден асқан жағдайда салық төлеушінің мүлкіне шектеу қойылады. Бұл кезде дебиторлық берешек немесе мүлікті өткізу арқылы мәжбүрлі түрде өндіріледі. Қажет болса, компанияның жарияланған акциялары да мәжбүрлі түрде шығарылады. Мамандардың айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты-салық берешегінің алдын алу және бюджет түсімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


