«SARAP» САРАПШЫЛАР КЛУБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ

Жезқазған қаласында «Азаматтық қоғам және партиялар. Өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын іздеу жолында» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының аймақтық отырысы өтті. Сарапшылық алаңда саяси жаңғыру жағдайындағы азаматтық қоғамның орны, оның саяси партиялармен өзара байланысы және қоғамдық диалогты дамытудың жаңа тетіктері жан-жақты талқыланды.
Жиынға Ұлытау және Қарағанды облыстарының қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми орта мен қоғамдық қорлардың өкілдері қатысты. Басқосуда өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық бастамаларды жүзеге асырудағы әлеуеті мен олардың саяси институттармен тиімді байланыс орнату мүмкіндіктері сөз болды. Сарапшылар бұл бағыттағы тәжірибе мен өзекті мәселелерді ортаға салды.
Іс-шарада Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары да таныстырылды. Зерттеу қоғамдағы көңіл-күй, азаматтардың электоралдық ұстанымдары және саяси институттарға деген көзқарасқа қатысты өзекті үрдістерді қамтиды.
Сарапшылар мұндай кездесулер азаматтық қоғам мен саяси институттар арасындағы байланысты күшейтіп қана қоймай, өңірлердегі қоғамдық пікірді зерделеуге және алдағы саяси науқандарға дайындықты ғылыми тұрғыдан бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


