Жаңалықтар

СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНДА SMART POINT ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНДА SMART POINT ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Өңірде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі цифрлық форматқа кезең-кезеңімен көшіп келеді. Бұл бағыттағы тағы бір маңызды жоба Сәтбаев қаласында жүзеге асты. Мұнда жаңа буындағы Smart Point цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл - өңірдегі осындай үлгідегі екінші орталық. Жаңа формат тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді жылдам, ыңғайлы әрі өздігінен алуға мүмкіндік береді.

Жаңа орталықтың жұмысымен облыс және қала әкімдігі өкілдері, цифрландыру саласының мамандары мен мемлекеттік қызметке жауапты ведомство өкілдері танысты. Apple Store қағидатымен жабдықталған Smart Point бірнеше функционалды аймақтан тұрады. Мұнда тұрғындар құжаттарын өз бетінше рәсімдеп, электрондық мемлекеттік қызметтерді алып, қажет болған жағдайда мамандардың кеңесіне жүгіне алады.

Орталықта келушілердің уақытын үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға басымдық берілген. Мұнда қызметтердің басым бөлігін онлайн режимде өздігінен рәсімдеуге, құжаттарды арнайы терминалдар арқылы тапсыруға және қажетті кеңесті бір жерден алуға болады. Сонымен қатар, азаматтарға цифрлық сервистерді пайдалануды үйрететін арнайы оқыту алаңы жұмыс істейді. Келушілер үшін жайлы күту аймағы да қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай цифрлық орталықтар тұрғындардың уақытын үнемдеп қана қоймай, электрондық қызметтерді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және өңірдегі цифрлық сауаттылықты арттыруға да ықпал етеді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты